Другие рефераты
Сол өңірдің тарихын, атақты ұл – қыздарының еңбегі мен ерлігін келер ұрпаққа үлгі етіп көрсету өте бір маңызды еңбек деп санаймын.
Меркі — тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Оңтүстігінде асқақтап Алатау тұрса, одан бастау алатын мың — мың бұлақ тау етегін гүл-бәйшешекке толтырып, сылдырай төмен ағады. Мың тарамданған кішігірім өзендер Меркінің солтүстігінде жатқан құмға барып сіңеді, құрдымға кетеді. Меркі, Қорағаты өзендерінің ортасында жатқан бұл мекен ықылым заманнан-ақ елдің құтты жеріне айналған. Егіншілік пен мал шаруашылығын, сауда мен кәсіпкерлікті қатар жүргізуге табиғаттың өзі жағдай жасағандықтан болар мұнда кәсіп те, сауда да, өнер де, ғылым да дамыған. Сондықтан да бұл өңірге ерте заманнан-ақ көп қызыққан, туын тігуге ұмтылған. Осы жерде берік бекініс жасап, орта ғасырдың інжу-маржанына айналған Баласағұн мен Таразға шабуыл жасаудың тиімді сәттерін күткендер де болған. Осы мақсатта Меркіден 15-20 шақырым жерде Аспарадай берік әскери қамал тұрғызылған. Меркі Ұлы Жібек жолының негізгі қақпаларының біріне айналуының басты себептерінің бірі осы болса керек.
Алатаудың көкмайсалы бауырында Тараз қаласының шығысында 150 шақырым жерде орын тепкен Меркі аты ғасырлардан ғасырларға осы атаумен жеткен. Оның аты тарихшылар мен саяхатшылардың ауызына жиырма ғасырдан аса тарихы бар Таразбен бірге алынады. Бұл өлкеде діндер мен билік, отаршылдар мен азаттық үшін жан беріп, жан алған ірі шайқастар болған. Сондықтан да бұл өңірде сыртқы жаудан қорғану үшін жан-жағын өзен қорғаған қылтанақты жерде орналасқан ірі қорғандар мен биік дуалдары бар қалалар салынған, Бір ауданның аумағында атақ-даңқы әуелеген Меркі, Аспара сияқты қалалар орналасқан. Ал Меркі өзенінің жоғары жағында ЮНЕСКО-ның тарапынан қорғалатын тарихи, мәдени ескерткіштердің санатына енген Меркі түркі ғибадатханасының тарихымызда алатын орны ерекше.
Бұл өңірде аты тарихтан өшсе де солардың сарқыты болып табылатын талай халықтар мен ұлыстар өмір сүрген. Меркі атауы түркі тілдес түркеш мемлекетінің тарихымен астасып жатады. Бұл өңірді түркештердің қарасы да, сарысы да билеген. Ескендір Оңдасыновтың айтуынша, 738 жылы Шу және Іле бойын жайлаған қара және сары түркештер өзара билікке таласып, соғысуының салдарынан өзгеге жем болған. Түркештерден кейін Меркіні жайлаған қарлұқтар да түркі тілдес халық болатын. Бір нәрсе анық ол — Меркі өңірінің байырғы тұрғындары да, қазір де түркі тілдес халықтар болған. Мәселен, парсы тілінде жарық көрген «Һодуд әл-аләм» кітабіндегі деректер бойынша «Меркі хәллохтар (карлұқтар) тұратын ауыл. Саудагерлердің де жолдары жиі түседі. Ол жерде қарлұқтардың үш тайпасы тұрады. Олар—бистан, хим және бериштер (мүмкін кіші жүздің беріш руы болуы)». Осы кітаптың тағы бір жерінде былай дейді:«… Меркі мен Нуикста мүсылмандар мен түріктер өте көп шоғырланған. Бұл қалалар саудагерлер үшін өте ыңғайлы. … Меркіде… түріктер басым келеді». Осы кітаптардың жазуынша 766 жылы түркештерді биліктен тайдырған қарлұқтар сол өңірді билеуде ықпалды қалалар Құлан мен Меркінің гүлденуіне және осы бекіністердегі әскерлердің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше назар аударды. Жалпы бұл кітаптың тарихи деректері біз үшін аса қымбат. Сол X ғасырда жазылған кітапта «Тараз», «Меркі» атаулары кездеседі. Осыдан-ақ Меркінің тарихы тереңде екенін аңғару қиын емес.
Меркіні Меркі еткен қарлұқтар туралы да көп жазылған. Қазақстан тарихында «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Олардың қарауында Құлан, Меркі қалалары болды»,- деп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегінде «Қарлұқтар – ежелгі түріктер» деп жазғанын еске алатын болсақ, Меркі түркі тектес халықтардың мекені. Қарлұқтар түркі тайпасының бір бұтағы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қарлұқтар Тараз қаласының шығыс жағындағы Құлан, Меркі, Аспара, тағы да басқа кішігірім қамалдар мен қалаларды билегені белгілі.
Өлкені түркілер мекендегенін дәлелдейтін ғажап тарихи ескерткіштер де осында. Теңіз деңгейінен 3,5 мың метр биіктікте, Меркі өзенінің қайнарында, Әулие көлдің маңында, аңы мен құсы, табиғаты әлі бұзыла қоймаған көк шалғын жайлаудағы тарихи ескерткіштер «Меркі түрік ғибадатханасы» деген атаумен ғылымға енген. Табиғатын айтсаңызшы! Көкпен тілдескен Тәңіртау— Алатаудың басына бұлт қонақтап, қар жауып жатса ғибадатхана орын тепкен жер масаты кілемдей жайнайды. Мың бұрала аққан бұлақ, саф ауа, салқын самал бар болмысыңызды билеп алады. Табиғаттың тазалылығына мас болып, басыңыз айналады. Есесіне кеудеңіз ашылып, бойыңызға адам айтқысыз күш-қуат құйылады! Ғажап! Мұдағы табиғат та, тарихи ескерткіш те ғажап! Ұлы бабаларымыз Жаратқанның ұлы күшін осында түсінгендей, мәңгілік өмірге осы жерден аттануды арман еткендей. Болмаса Алатаудың ұшар басына жақындап келіп, ұлыларын жерлемеген болар еді ғой…
Бұл ғибадатхананы алғаш рет 1895 жылы ғылыми түрде зерттеген орыс ғалымы И.В.Аничков өз еңбегінде балбалдарды тексергенін оның бірнешесін Ташкентке жібергенін жазады. Бұл ескерткіштердің түркі жандүниесін тануда алар орны ерекше. Бұл жөнінде ғалым Айман Досымбаева «Меркі—Жетісу түркілерінің киелі жері» атты кітабінде жан-жақты және дәлелді дәйектермен айтқан. Айманға дейін бұл тарихи ескерткіш туралы талай ғалымдар мен саяхатшылар жазған, айтқан. Алайда Айман ханым бұл өңірдегі ғажайыптарды жетер жеріне жеткізіп жазғанын айрықша айтқан орынды. Айман Досымбаеваның басшылығымен жүргізілген археологиялық жұмыстың нәтижесінде бірнеше мүсінді қорған құрылыстары аршылған. Табылған 64 мүсіннің 31-і әйелге қойылған балбал тасы болды, Ерлер мүсіні кескінделген балбалдың түрі көп. Тіпті қолына қырғи ұстап тұрған да балбал бар. Әйел мүсінді балбал осында көп кездеседі. Рас, ғалымдардың сілтемесіне қарағанда Күлтегін тасының маңынан қағанмен бірге әйелдің мүсіні де табылған. Әйел мүсінді балбал тас Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға орнатылған кесенеде тұрғанын өзіміз көзімізбен көрген жайымыз бар. Сонымен бірге Меркі өзенінің бойынан табылған тас мүсіндерде көне түркі жазбаларын да кездестіруге болады. Ойтал өзенінің жағалауынан табылған жазуды профессор А, Аманжолов «Менің өлімім—қайғы» деп оқыпты. Ғалымдар мұндай жазуы бар балбал тастар тек Оңтүстік Сібірден табылғанын айгады. Бұл нені меңзейді? Сол өңірде де біздің ата-бабаларымыз мекендеген дегенге жетелей ме? Мүмкін. Өйткені қазір сол өңірді мекен еткен жақұт, сақа жерінде бізге таныс әуен де, жер-су аттары да көп. Өздерін түркілерміз деп айтатындар да аз емес.
Меркі ауданының орталығында биік қорғанның орны ерекше көзге түседі. Қорғанның биіктігінен оның айналасында өткел бермес өзеннің болғанын аңғару қиын емес. Ғалымдардың топшылауынша Меркі қорғанының негізі тас дәуірінде қаланған деген мәлімет бар. Бұл қорғанға айтарлықтай қазба жұмыстары жүргізілмеген, Алайда ішінара жүргізілген қазба жұмыстары бұл қамал ірі елді мекеннің орталығы болғанын аңғартады. Су ағар құбырлар мен керамикалық бұйымдардың қалдықтары, шырағданның көптеген үлгілері табылған. Бұл Қазақстан аумағында кездесетін ортағасырлық қалалардың бәрінен табылатын жәдігерлер.
Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырда сақ, үйсін, қаңлы, ғұндар салған қалалар Қытай шапқыншылығы кезінде қиратылды. «Одан кейін,- деп жазады белгілі ғалымдар М, Мырзахметұлы мен И. Жеменей,- яғни біздің дәуіріміздің ҮІ ғасырына дейін Сырдария мен Жетісу өлкесінде Тарбан, Тараз, Испиджаб, Суяб, т. б. көптеген қалалар өсіп жетілді. Ал ҮІІ-Х ғасырларда бүл өлкелерде Барысхан, Талхир, Баласағұн, Меркі, Құлан, Шелже, Шаш, Сүткент, Отырар, Шарғар, Сауран, Сығанақ, Жент, Жаркент, тағы да басқа көптеген мәдени және сауда орталығы саналған ірі қалалар пайда болды. Әйгілі Жібек жолы осы қалалар үстінен өткен…». Бұдан да басқа айтылған пікірлерді саралай келгенде Меркі қаласы 700-ші жылдардан кейін айналаға таныла бастаған сияқты. Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша «751 жылы шілде айының 31 жұлдызында Тараз қаласына іргелес жатқан Атлах бекінісі маңында бүкіл Орталық Азия тағдырына терең ықпал болған Атлах-Талас шайқасы болды. Шайқаста араб-қарлұқ- түркеш құрама қолдары қытайдың таңдаулы әскерін тас-талқан етіп жеңіп, оның батысқа жылжуына тосқауыл қойды». Міне осы шайқасқа Тараздың сол кездегі негізгі тұрғындары қаңлылармен бірге Құлан, Меркі, Аспараны тұрақ еткен, кейінірек Таразды астана еткен бауырлары қарлұқтар мен түркештер де қатысқаны анық.
Себебі алғаш қарлұқ, түркеш мемлекеттері Меркіні астана еткен еді. Бір сөзбен айтқанда, Меркі және Құлан қалаларының тағдыры Түркеш, Қарлұқ мемлекеттерімен сабақтас. Ал бұл мемлекеттердің ҮІІІ ғасырдың ортасынан соңына дейін билік құрғаны белгілі. Түркештерді биліктен тайдырып, өлкеге әмірлігі жүрген қарлұқтар Құлан мен Меркіні негізгі қалаларына және ірі әскери бекінісіне айналдырды. Ерекше қарқынмен дамыған бұл екі қалаға сырттан көз тіккендер көбөйе бастады. Қарлұқтар билік басына келместен бұрын да бұл қалалардың сол өңірге билік жүргізуде шешуші рөл атқарғаны анық. Жоқтан бар болмайды, тек бір күйден екінші күйге айналатынын еске алатын болсақ, Меркі сол заманда өңірге билік жасау үшін аса қажетті қақпа болған. 751 жылы Құлан мен Меркіге арабтар шабуыл жасағанда да сол қақпаға ие болуды армандаған еді. Тура осы кезде олар жерлеріне басып кірген қытайларға бірлесе шайқасты. Қытайды жеңгеннен кейін олар қайтадан майдан алаңына шықты. Осындай аласапыран кезде билікке келген қарлұқтар арабтармен ұзақ жылдар бойы шайқасып, ақыры жеңіске жетеді. Жеңіске жеткен олар өңірдің тез арада дамуына жол ашты. Соның нәтижесінде «һодуд-әл-алам» кітабіндегі деректер бойынша, түрік билігіне енгізілген аймақта отызға жуық қалалар мен қамалдар бой көтерген. Олар—Құлан, Меркі Атлақ, Тұзын, Балығ, Барсхан, Секел, Талғар, Тоңғы, Пенчул және тағы да басқалар. Отырықшылыққа бейімделген халық сол кездері арпа, күріш, тары, бұршақ, жүзім еккендері археологиялы
|
скачать работу |